28
февраль
2026
– Берік Ноғайұлы, жаңа Конституция жобасының Кіріспе бөлімінде Заң мен Тәртіп қағидаты ерекше аталады. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Өткен жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жарияланған конституциялық реформа 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан мемлекетті кешенді жаңғыртудың заңды жалғасы екенін атап өткен жөн. Биыл 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдум азаматтардың ерік-жігеріне ең жоғары заңдық күш бере отырып, Негізгі заң жобасы мақұлданған жағдайда ел тарихында жаңа кезеңнің басталуына жол ашады әрі Конституцияның халықтық сипатын айқындай түседі.Осы сұхбатқа дайындалу барысында бірқатар мемлекеттің конституцияларын зерделедім. Олардың кіріспе бөлімдерінде елдің идеологиялық негізін айқындайтын, саяси келбетін сипаттайтын, тарихи даму жолы мен мемлекеттік құрылымының ұлттық түп-тамырын көрсететін, қазіргі және болашақтағы басты қағидаттарын белгілейтін түйінді факторлар ерекше аталып өтеді. Демек, Кіріспе бөлім – Конституцияның айнасы әрі оның идеологиялық бастауы, жалпыұлттық ой-тұжырымның қайнар көзі. Конституцияның барлық қағидаттары, нормалары мен ережелері өз бастауын Кіріспе бөлімінен алады.
Ал біздің Конституциямыздың жобасына келсек, онда еліміздің құндылық бағдарлары мен саяси-құқықтық дамуының ұзақ мерзімге арналған стратегиялық бағыттары нақты айқындалған. Жобада Заң мен тәртіп қағидаты еліміздің әрі қарай дамуының, азаматтарымыз бен қоғамымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастырудың іргетасы ретінде бекітілген.
Бұған дейінгі сұхбаттарымда Заң мен тәртіп қағидаты дегеніміз не, оның мәні мен мазмұны қандай деген мәселелерге тоқталған едім. Тағы да айта кетейін, бұл – мәдени, адамгершілік, этикалық, отбасылық, рухани идеалдардың, конституциялық кепілдіктер мен басқа да құндылықтардың мызғымастығы. Заң мен тәртіп – тек құқықтық ұғымдар емес, қоғамымыздың тұрақтылығы, қауіпсіздігі мен өркендеуін айқындайтын өмірлік бағдарлар.